Жамбыл спорты – 2025: жеңістер жылы, серпінді даму кезеңі
Уақыт өз еншісіне тағы бір жылды алып, 2025 жыл тағылымы мен табысы мол, жаңғыру мен жаңарудың нақты көрінісі болған кезең ретінде ел жадында қалды. Әсіресе спорт саласы айрықша серпін алып, жарқын жеңістерімен көпшіліктің қуанышын еселеді.
Тарихы терең Әулиеата өңірі - дарынды спортшыларды түлеткен, республика мен халықаралық ареналарда өзіндік орны бар аймақ. ХХ ғасырдың соңынан бері жамбылдық спортшылардың биік нәтижелері өңірдің әлеуетін айқын дәлелдеп келеді.
2025 жыл жамбылдық спортшылар мен сала мамандары үшін табысты болды. Өңірде бұқаралық спортты дамыту, балалар мен жасөспірімдерді спортқа тарту, кәсіби спортшыларды даярлау бағыттарында жүйелі жұмыстар жүргізілді. Облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасына қарасты 57 спорт мекемесі жоспарлы міндеттерін толық орындап, инфрақұрылымды нығайту, материалдық-техникалық базаны жаңарту және жаттықтырушылардың біліктілігін арттыруға басымдық берді.
Басқарма басшысы Ернар Ибраимовтың айтуынша, жыл ішінде 3 облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі ашылып, 2 мекеме спорт клубы ретінде қайта құрылды. Сондай-ақ Жақсылық Үшкемпіров атындағы Тараз-Арена спорт сарайына күрделі жөндеу жүргізілді. Қазіргі таңда облыста 27 507 спортшыны 1 136 білікті жаттықтырушы тұрақты оқу-жаттығу үдерісімен қамтып отыр. 858 спортшы Ұлттық құрама сапында өнер көрсетеді.
2025 жылы жамбылдық спортшылар 1 856 медаль (686 алтын, 515 күміс, 655 қола) жеңіп алды. 17 спортшы халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 113 спортшы Қазақстан Республикасының спорт шебері атанды. 10 жаттықтырушыға «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атағы берілді.
Қазақ күресінен әлем чемпионатында Рауза Нұрмағанбетова мен Нұр Аманшүкіров алтын, Аружан Адасхан қола жүлде иеленді. Әскерилер арасындағы тұңғыш әлем чемпионатында Рауза Нұрмағанбетова, Ғалымжан Қырықбай, Ернұр Сүлеймен жеңімпаз атанды.
Бокс саласында Әулиеата өңірінің даңқты дәстүрін Асланбек Шымбергенов, Дулат Бекбауов, Нұрбек Оралбай және Айбек Оралбай жалғастырып келеді. Әлем кубогында Диас Молжігітов қола жүлдеге ие болса, жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында Диляра Тұрсынбек чемпион атанды. Кәсіпқой бокста Ангелина Лукас IBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағын сәтті қорғады.
Еркін және грек-рим күресі, дзюдо спорт түрлерінде де табыстар мол. Еркін күрестен Рахат Қалжан Азия чемпионатының қола жүлдегері атанса, грек-рим күресінен Юсуф Ашрапов әлем чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды. Дзюдодан Іңкәр Құралбай жастар арасындағы Азия чемпионатында топ жарды.
Командалық спортта да жетістіктер бар. Облыстың жасөспірімдер футбол құрамасы Қазақстан чемпионатының жеңімпазы атанды, ал көкпардан облыс құрамасы 15 дүркін ел чемпионы атағын растады. 2025 жылы Токиода өткен Сурдлимпиадада жамбылдық спортшылар 1 алтын, 3 күміс, 2 қола медаль жеңіп алды.
Бұқаралық спортты дамыту - басты басымдық. Жыл қорытындысы бойынша облыста жүйелі түрде спортпен шұғылданушылар саны 514,9 мың адамға жетіп, халықтың 44,8 пайызын құрады. 4 286 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, 399 мыңнан астам адам қамтылды.
Спорт инфрақұрылымын дамыту да қарқынды. 2025 жылы 21 спорт нысанының құрылысы басталып, оның 7-еуі пайдалануға берілді. Қалған нысандар 2026 жылы аяқталады. Қосымша 103 спорт алаңшасы іске қосылып, бүгінде облыста 2 465 спорт нысаны тұрақты жұмыс істеп тұр. Қамтамасыз етілу деңгейі – 75,4 пайыз.
Жалпы алғанда, 2025 жыл Жамбыл облысы спорты үшін жеңістер мен жүйелі дамудың жылы болды. Алдағы кезеңде халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті спортшыларды даярлау және инфрақұрылымды жетілдіру бағытындағы жұмыстар жалғасын таба бермек.