Жаңалықтар

Асар - бірліктің айқын көрінісі

Қордай ауданында ата-бабадан келе жатқан асар дәстүрі бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Ел болып жұмылудың, өзара жанашырлық пен ынтымақтың нәтижесінде көптеген отбасы баспаналы болып отыр. Соның бірі - 80 жастағы Нәсіпті Әжікенова, ол биылғы Жаңа жылды өз шаңырағында қарсы алды.

Кенен ауылының тұрғындары қарт анаға асарлатып, жаңа үй тұрғызып берді. Жасы 24 пен 46 аралығындағы еріктілер құрылыс материалдарына қаражат жинап, үйдің іргетасын қалауынан бастап ішкі әрлеу жұмыстарына дейінгі барлық істі бірлесе атқарды. Нәтижесінде Нәсіптіәженің көптен күткен арманы орындалды.

Осы игі іске орай өткен салтанатты жиында аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбайқызы асарға белсенді қатысқан азаматтарға аудан әкімі атынан алғыс хаттар табыстады. Сонымен қатар, жаңа үй иесіне зор денсаулық тілеп, ауыл тұрғындарына бірлік пен береке тіледі.

Айта кетейік, өткен жылдың мамыр айында аудан әкімдігінің, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияның және Масанчи жастары қоғамдық бірлестігінің қолдауымен Жамбыл ауылының тұрғыны Әлия Бекірова да баспаналы болған еді. Ауылдастары асар дәстүрімен оның отбасына үй сатып алып, жөндеу жұмыстарын жүргізді. Ал демеуші ұйым өкілдеріне алғыс хаттар табысталып, құрмет ретінде шапан жабылды.

Сондай-ақ Жаңа жылды жаңа үйде қарсы алғандардың қатарында көпбалалы ана Мадина Молотова мен оның балалары бар. Өткен күзде Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбекұлының қолдауымен оған жаңа үй сыйға беріліп, демеушілердің көмегімен баспана қажетті жиһаздармен және тұрмыстық техникалармен толық қамтамасыз етілді.

Бұдан бөлек, мемлекеттік қолдау аясында аудан бойынша жүзден астам тұрғын жалдамалы тұрғын үймен қамтылды. Бұл - асар дәстүрінің қоғамдағы маңызын арттырып, ел бірлігінің нақты іспен көрініс тауып отырғанының жарқын дәлелі.