Жаңалықтар

Жамбыл облысында 600 мың гектарға жуық жер мемлекет меншігіне қайтарылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасына сәйкес, Жамбыл облысында пайдаланылмай жатқан және заңсыз иеленілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қайтару бойынша нақты әрі нәтижелі жұмыстар жүргізілуде. Жерді ұтымды пайдалану мен оны қайта айналымға енгізу өңірдегі аграрлық саланы дамытудың басты тетіктерінің біріне айналды.

2022–2025 жылдар аралығында облыс аумағында жалпы көлемі 591,2 мың гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның 499,9 мың гектары – жайылым, 37,0 мың гектары – егістік, қалғаны өзге санаттағы алқаптар. Бұл көрсеткіш Мемлекет басшысының тапсырмасының жүйелі түрде орындалып жатқанын айқын көрсетеді.

Тек 2025 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі белгілеген 90 мың гектар жоспарға сәйкес, жыл соңына дейін 94 мың гектар жерді қайтару көзделіп отыр. Өткен жылдың желтоқсанындағы дерек бойынша 89,6 мың гектар жер қайтарылып, жоспар 99,5 пайызға орындалған. Бірқатар аудандар белгіленген межені артығымен орындады.

Сонымен қатар талаптарды орындамаған жер пайдаланушыларға қатысты заң аясында қатаң шаралар қабылданды. 11,6 мың гектар жерді мәжбүрлеп алып қою жөнінде сотқа талап арыз беріліп, оның 9,3 мың гектары бойынша оң шешім шықты. Пайдаланылмай жатқан жерлерге салық мөлшерін 20 есеге дейін ұлғайту туралы нұсқамалар беріліп, құқықтық ауыртпалықтар қойылды.

Қайтарылған жерлердің басым бөлігі ауылдық елді мекендердің ортақ жайылымдарын кеңейтуге және ауыл шаруашылығы айналымына қайта енгізуге бағытталуда. 2022–2025 жылдары 158,3 мың гектар жер конкурс арқылы шаруаларға қайта берілді. Ал 2026 жылдың маусым айына дейін қосымша 133,6 мың гектар жерді айналымға енгізу жоспары бекітілген.

Нәтиже айқын: Жамбыл облысында жер мәселесі сөз жүзінде емес, нақты көрсеткіштермен шешіліп келеді. Бұл ауыл халқының мүддесін қорғауға, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға және жер ресурстарын тиімді пайдалануға жол ашып отыр.