Жаңалықтар

Алға ауылында жаңа су құбыры іске қосылды

Қордай ауданында ауылдарды таза ауызсумен қамту бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасуда. Соның бір нәтижесі ретінде аудан орталығынан 20 шақырым жерде орналасқан Алға ауылында заманауи су құбырының салтанатты ашылуы өтті.

Іс-шараға Қордай ауданы әкімінің орынбасары Бақыт Сахатов қатысып, ауыл тұрғындарын қуанышты жаңалықпен құттықтады. Ол инфрақұрылымды дамыту - жергілікті атқарушы органдардың басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті.

Алға ауылының ақсақалдары да ел-жұртты құттықтап, ақ батасын берді. Одан кейін дәстүрге сай қызыл лента қиылып, аналар шашу шашты. Салтанатты жиынға қатысушылар мен ауыл тұрғындары краннан аққан судың сапасын өз көздерімен көріп, дәмін татты.

Айта кетейік, құрылыс жұмыстарын Темір-Строй Сервис и Ко ЖШС атқарды. Техникалық қадағалауды TechEconomEnergy ЖШС жүргізсе, авторлық қадағалауға AlyStroyProekt ЖШС жауапты болды.

Жаңа су құбырының іске қосылуы – Алға ауылы тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам әрі мемлекетке қайтарылған қаражаттың ел игілігіне жұмсалып жатқанын көрсететін нақты мысал.