Атырауда жоғалған отбасы: марқұмдардың күйеу баласы мен қызы халықаралық іздеуде
Атырау облысында қайын атасы мен енесін өлтірді деген күдікпен 29 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиев халықаралық іздеуге жарияланды.
Сондай-ақ оның жұбайы — марқұмдардың кіші қызы Ақбаян Мұқанғалиева да із-түссіз жоғалғандар қатарында. Қазіргі таңда ол да халықаралық деңгейде іздестіріліп жатыр.
Полиция мәліметінше, күдіктілерді табу мақсатында халықаралық әріптестік арналары арқылы барлық тиісті іздеу бағыттамалары жолданған. Сонымен қатар олардың пайдаланған ұялы байланыс нөмірлері толықтай өшірулі күйде.
Еске сала кетейік, 2025 жылдың күзінде Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында бір отбасының төрт мүшесі із-түссіз жоғалған болатын. Кейінірек үй ауласынан ерлі-зайыпты Мақсот Қарабалин мен Насипа Өтешқалиеваның мәйіттері көмілген күйде табылды.
Ал олардың балалары — Мейрамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиев әлі күнге дейін табылған жоқ. Оларды іздеу жұмыстары жалғасуда.
Құқық қорғау органдары бұл қылмысқа басқа адамдардың да қатысы болуы мүмкін деген нұсқаны жоққа шығармайды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.