Жамбыл облысында су тасқыны кезеңіне дайындық күшейтілді
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстарының барысы қаралды.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Азат Әбдіразақов баяндама жасады.
Оның айтуынша, қазіргі таңда өңір аумағында су тасқыны қаупі бар аймақта орналасқан 42 елді мекен анықталған. Жүргізілген алдын алу шараларының нәтижесінде 34 елді мекенде қауіп толық жойылып, тағы 2 елді мекенде айтарлықтай төмендетілген.
2026 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық аясында облыс аумағында бірқатар инженерлік жұмыстар атқарылған. Атап айтқанда, «Шоң-Қақпа» су қоймасынан Талас өзеніне тасталатын суды қауіпсіз өткізу және көлемін азайту мақсатында елді мекендерді су басу қаупі бар 8 учаске анықталып, өзен арналары нығайтылған.
Сонымен қатар Тараз қаласы аумағынан өтетін ұзындығы 82,55 шақырымды құрайтын 8 ирригациялық канал механикалық тазалаудан өткізілген. Бұдан бөлек, Меркі, Мойынқұм, Сарысу, Т. Рысқұлов және Қордай аудандарында арық жүйелері мен өзен арналары тазартылып, кеңейтіліп, дренаж жүйелері қазылып, өзен жағалаулары бекітілген.
Төтенше жағдай туындаған жағдайда халықты қабылдау үшін өңірде 119 мың адамға арналған 396 қабылдау пункті дайындалған. Сондай-ақ 32 шатыр, 890 төсек және 460 жиналмалы кереует әзірленген. Тамақтандыруды ұйымдастыру және арнайы техникаларды тарту бойынша 58 келісімшарт жасалған.
Көктемгі су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу және жою үшін 1 927 адам, 485 бірлік техника және 132 су айдау құралы толық дайындықта тұр. Облыс аумағындағы өзендердегі су деңгейі тұрақты бақылауда, тәулік бойы мониторинг жүргізілуде.
Кеңес барысында Ербол Қарашөкеев жауапты қызметтердің босаңсуына жол бермеу қажеттігін атап өтті.
Осыған байланысты облыс әкімі жауапты тұлғаларға техникалардың дайындығын қатаң бақылауға алу, су тасқыны қаупі бар елді мекендерде қажетті резервтер мен мобильді топтар құру, ауа райына тұрақты мониторинг жүргізу, гидротехникалық құрылыстарда тәуліктік кезекшілікті қамтамасыз ету, сондай-ақ су қоймалары мен көлдердің сыйымдылығына тұрақты талдау жүргізу жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.
Жиын барысында халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамту мәселесі де көтерілді. Құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаевтың мәліметінше, 2025 жылы облыста 768,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегінде тұрған әлеуметтік осал санаттағы 1 545 отбасы баспаналы болған.
Ал 2026 жылы осы санаттағы тағы 350 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Облыс әкімі бұл бағыттағы жұмыстарды сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды, сондай-ақ пәтер сатып алу бойынша өткізілетін конкурстарды заң талаптарына сәйкес жеделдетуді тапсырды.