Жамбыл облысы: дарынды оқушы мен кәсіби мұғалімге негізделген білім моделі
Жамбыл облысында білім беру саласы тек инфрақұрылымдық дамуымен ғана емес, адами капиталға бағытталған саясатымен де ерекшеленіп отыр. 2025 жылы өңірде мұғалім мен оқушыны қолдауға негізделген жаңа білім моделі қалыптасты.
Дарынды балалармен жұмыс жүйелі жолға қойылған. Биыл облыс оқушылары қоғамдық-гуманитарлық бағытта республикалық олимпиадада «Ең үздік команда» атанып, ғылыми жобалар бойынша 15 жыл қатарынан үздіктер қатарынан көрінді. Бұл – білім мазмұнының тереңдеп, оқушылардың зерттеушілік қабілетінің артқанын дәлелдейді.
Педагог мәртебесін арттыру бағытындағы жұмыстар нақты нәтиже берді. Облыс мұғалімдері халықаралық IMPACT Olympiad, республикалық пәндік және әдістемелік байқауларда жоғары нәтиже көрсетіп, кәсіби шеберлігін дәлелдеді. Төртінші жыл қатарынан үздік педагогтерге «Жамбыл облысының білім беру саласына сіңірген еңбегі үшін» құрмет атағы табысталып келеді.
Әлеуметтік қолдау мен қауіпсіз орта қалыптастыру да басты назарда. 105 мыңнан астам оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылып, 59 мектепте инклюзивті білім беру ресурстық орталықтары ашылды. Сонымен қатар барлық білім беру ұйымдары қауіпсіздік жүйелерімен толық жабдықталып, оқушылардың психологиялық және физикалық қауіпсіздігі күшейтілді.
Жамбыл облысының тәжірибесі көрсеткендей, білім саласындағы тұрақты жетістік – бұл инфрақұрылым, мұғалім кәсібилігі және оқушы әлеуетінің үйлесімді дамуының нәтижесі. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы жылдары да жалғасын табады.