Блогер Қайсар Қамзаға халықаралық іздеу жарияланды
Блогер Қайсар Қамзаға халықаралық іздеу жарияланып, сот санкциясымен оның 182 мың доллардан астам көлемдегі криптоактивтеріне тыйым салынды. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігі хабарлады.
Ведомство мәліметінше, күдіктіге қатысты «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланған. Ол заңсыз ойын бизнесіне жәрдемдесті деген күдікке ілініп отыр.
Тергеу деректеріне сәйкес, Қайсар Қамза әлеуметтік желілердегі жеке аккаунттарын пайдаланып, қазақстандықтарды «Pinco» сайтына тіркелуге және құмар ойындарға қатысуға үгіттеген. Ол өз жарияланымдарында тікелей сілтемелерді, графикалық материалдарды және жарнамалық сипаттағы үндеулерді жүйелі түрде орналастырып отырған.
Сонымен қатар, бейнематериалдардың сипаттамасында пайдаланушыларға бонус беретін жеке промокод көрсетілгені анықталған.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, заңсыз жолмен алынған кірістерді жасыру мақсатында блогер криптовалюталық әмияндарды пайдаланған.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр.