Ұсынысқа сәйкес, дүкендерде алкоголь өнімдерін кешкі сағат 20:00-ден кейін сатуға тыйым салу, ал кафе мен мейрамханаларда сағат 22:00-ден кейін мүлде сатылымнан алып тастау көзделіп отыр.
Бұл туралы Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов мәлімдеді. Оның айтуынша, онлайн форматта алкоголь сату ісін де толық тоқтату қажет.
Сондай-ақ депутат барлық алкоголь өнімдеріне міндетті цифрлық таңбалау енгізіп, оларды тек арнайы белгіленген орындарда ғана сатуды ұсынды.
– Алкоголь – қылмыстың негізгі себептерінің бірі. Сондықтан оны бақылау күшейтілуі тиіс, – деді ол.
Ішкі істер министрлігінің деректеріне сәйкес, елімізде әр екінші кісі өлтіру, әр үшінші зорлау мен бұзақылық, әр төртінші тонау мен жол-көлік оқиғасы мас күйде жасалады. Ал отбасындағы зорлық-зомбылықтың жартысынан көбі алкоголь тұтынумен байланысты.
Депутаттардың пікірінше, бұл бастама қоғамдағы қауіпсіздік деңгейін арттырып, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға оң әсер етеді.


