Жаңалықтар

Депутаттар алкоголь сатуға уақыттық шектеу енгізуді ұсынды

Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаттары спирттік ішімдіктерді сатуға қатысты жаңа шектеулер енгізу бастамасын көтерді.

Ұсынысқа сәйкес, дүкендерде алкоголь өнімдерін кешкі сағат 20:00-ден кейін сатуға тыйым салу, ал кафе мен мейрамханаларда сағат 22:00-ден кейін мүлде сатылымнан алып тастау көзделіп отыр.

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов мәлімдеді. Оның айтуынша, онлайн форматта алкоголь сату ісін де толық тоқтату қажет.

Сондай-ақ депутат барлық алкоголь өнімдеріне міндетті цифрлық таңбалау енгізіп, оларды тек арнайы белгіленген орындарда ғана сатуды ұсынды.

Ішкі істер министрлігінің деректеріне сәйкес, елімізде әр екінші кісі өлтіру, әр үшінші зорлау мен бұзақылық, әр төртінші тонау мен жол-көлік оқиғасы мас күйде жасалады. Ал отбасындағы зорлық-зомбылықтың жартысынан көбі алкоголь тұтынумен байланысты.

Депутаттардың пікірінше, бұл бастама қоғамдағы қауіпсіздік деңгейін арттырып, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға оң әсер етеді.