Жаңалықтар

Мобильді аударымдарға бақылау күшейеді: салық органдары хабарлама жібере бастайды

2026 жылдың сәуір айынан бастап қазақстандықтардың мобильді аударымдарына қатысты бақылау тетігі күшейтіледі.

Банктер күмән тудыратын қаржылық операциялар жөніндегі ақпаратты мемлекеттік кірістер органдарына ұсынуға міндеттеледі. Ал осы деректер негізінде жасырын кәсіпкерлік белгілері байқалған азаматтарға ресми хабарламалар жіберіле бастайды.

Мемлекеттік кірістер комитетінің түсіндіруінше, кәсіпкерлік табысқа ұқсас мобильді аударымдарды анықтауға арналған жаңа талаптар 2025 жылдың қарашасында бекітілген. Бұл ережелер 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енді.

Жаңа тәртіпке сәйкес, банктер салық органдарына мәліметтерді тоқсан сайын, есепті кезең аяқталғаннан кейінгі айдың 15-күніне дейін жолдап отырады. Алғашқы ақпарат 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша 15 сәуірге дейін беріледі.

Критерийлерге сай, егер бір азамат үш ай қатарынан ай сайын кемінде 100 түрлі адамнан ақша қабылдап, сол кезеңдегі жалпы сома 12 ең төменгі жалақыдан (шамамен 1 миллион теңге) асып кетсе, мұндай операциялар күмәнді деп танылады. Осы талаптардың барлығы орындалған жағдайда, азамат салықтық бақылау аясында тексерілуі мүмкін.