Өнеркәсіп - Жамбыл ауданы экономикасының тірек күші
Өнеркәсіп саласы - Жамбыл ауданы экономикасының негізгі қозғаушы күштерінің бірі. Ауданда ірі кәсіпорындардың бір бөлігі Тараз қаласының құрамына өткеніне қарамастан, өндірістік әлеует әлсіреген жоқ. Қайта шағын және орта өнеркәсіп нысандарының белсенділігі артып, өндіріс көлемі тұрақты өсім көрсетуде
Қазіргі таңда ауданда 12 шағын өнеркәсіп кәсіпорны тұрақты жұмыс істеп тұр. Олардың қатарында мұнай өнімдерін өңдейтін «Амангелді мұнай өңдеу зауыты», медициналық бұйымдар шығаратын «Super Pharm», сондай-ақ құрылыс саласына қажетті өнім өндіретін «Кнауф Гипс Тараз» секілді кәсіпорындар бар. Бұл өндіріс орындары жергілікті халықты тұрақты жұмыспен қамтып қана қоймай, аудан бюджетінің кірісін арттыруға да елеулі үлес қосуда.
Өткен жылдың 11 айында өнеркәсіп саласында 39,2 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 103,3 пайызды құрады. Бұл - өндірістің өткен жылмен салыстырғанда артқанын білдіреді. Мұндай өсім ауданда инвестициялық ахуалдың жақсарғанын және өндіріс инфрақұрылымының біртіндеп нығайып келе жатқанын көрсетеді.