Зерттеудің негізгі мақсаты – қоғамның волонтерлік қызметке деген көзқарасын бағалау, оның басым бағыттарын анықтау және азаматтық сектор мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланыстың тиімділігін зерделеу. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.
Сауалнамаға еліміздің барлық өңірінен 11 мыңнан астам азамат қатысып, сондай-ақ волонтерлік ұйымдардың қызметіне кешенді талдау жасалған.
Зерттеу қорытындысына сәйкес, бүгінде Қазақстандағы волонтерлер саны 300 мыңнан асып, іске асырылған жобалар көлемі соңғы жылдары бес есеге артқан. Респонденттердің 89 пайызы волонтерлік қызмет туралы хабардар екенін, ал әрбір үшінші азамат түрлі бастамаларға тұрақты түрде қатысатынын көрсеткен.
Ең сұранысқа ие бағыттардың қатарында әлеуметтік қолдау көрсету, қоршаған ортаны қорғау және бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру бар. Сонымен бірге «Игі істер марафоны» мен «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығы салалық және корпоративтік волонтерліктің дамуына оң әсер еткені атап өтілді.
Зерттеу нәтижелері волонтерлік ұйымдардың әлеуметтік мәселелерді шешудегі маңызын арттырып, елдің тұрақты дамуына елеулі үлес қосып отырғанын дәлелдейді.


