600 мың теңгелік торт дауы: блогер Аселина Батыр сотта жеңіліп қалды
Астанада 600 мың теңге тұратын торттың ақысын төлемеу дауына байланысты блогер Аселина Батыр мен кондитер Нұршат Ақбергенова арасындағы сот ісі жалғасын тапты. 2026 жылғы 6 қаңтарда тараптар Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотында қайта бас қосты.
Бұл жолы блогер сотқа абыройы мен кәсіби беделін қорғау, кибербуллингті тоқтату, моральдық зиянды өтеу, сондай-ақ авторлық құқықтар мен жеке деректерді қорғау туралы талап арызбен жүгінген. Алайда сот талаптарды қанағаттандыруға негіз жоқ деп танып, арызды қанағаттандырудан бас тартты. Айта кету керек, бұл шешім әзірге заңды күшіне енген жоқ және шағымдануға болады.
Сот отырысы барысында тараптар арасында нақты келісімшарттық қатынастар болғаны анықталды. Кондитер мерекелік шараға торт дайындап берген, ал блогер өнімді өз мақсатына пайдаланған. Даудың туындауына торттың нақты бағасының алдын ала келісілмеуі себеп болған.
Сонымен қатар сот әлеуметтік желілерде тараған видеоматериалдар мен жазбаларға да баға берді. Анықталғандай, аталған видеоларды үшінші тұлғалар жасаған, ал блогер тек оларды репост жасаған. Талапкердің қалауы бойынша лингвистикалық немесе өзге де сот сараптамалары жүргізілмеген.
Сот авторлық құқықты бұзу және жеке деректерді заңсыз пайдалану фактілері дәлелденбегенін де атап өтті.
Еске сала кетейік, бұл дау 2025 жылы әлеуметтік желілерде кеңінен тараған “торт дауына” байланысты басталған. Сол жылы, 29 қазанда сот Аселина Батырды торттың төленбеген бөлігі ретінде 200 мың теңге және 100 мың теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге міндеттеген еді. Бұл іс қоғамда блогерлердің жауапкершілігі мен әлеуметтік желідегі ықпалдың шегі туралы қызу пікірталас тудырған болатын.