Жаңалықтар

Түркістан облысында әкесіне күш көрсеткен ер адам 5 жылға сотталды

Түркістан облысы Жетісай аудандық соты әкесіне балағат сөздер айтып, күш қолданған ер адамға қатысты үкім шығарды. Сот шешімімен айыпталушы 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.

2026 жылғы 16 қаңтарда өткен сот отырысында ер адам Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің екі бабы бойынша кінәлі деп танылды. Атап айтқанда, ол дәрменсіз күйдегі адамды азаптау және дәрменсіз жағдайда тұрған адамға қасақана түрде орташа ауырлықтағы дене жарақатын келтіру баптары бойынша жауапқа тартылды.

Сот жеңіл жазаны неғұрлым қатаң жазаға алмастыру арқылы айыпталушыға орташа қауіпсіздік деңгейіндегі түзеу мекемесінде бес жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Еске сала кетейік, 2025 жылдың қыркүйек айында Түркістан облысында ер адамның өз әкесін қорлап, балағаттап, соққыға жыққан сәті бейнеленген видео әлеуметтік желілерде кеңінен тараған болатын. Оқиғадан кейін облыстық полиция күдіктіні қамауға алды.

Тергеу барысында оған екі бап бойынша айып тағылып, мемлекеттік айыптаушы соттан 6 жыл бас бостандығынан айыруды сұраған. Алайда сот істі жан-жақты қарастыра келе, 5 жылға соттау туралы шешім қабылдады.