Қазақстанда Инфекциялық аурулардың ұлттық ғылыми орталығы ашылды
Алматы қаласында Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынған стратегиялық маңызды нысан - Инфекциялық аурулардың ұлттық ғылыми орталығының ашылу рәсімі өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары - мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, сондай-ақ Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды қатысты.
Орталық COVID-19 пандемиясы кезіндегі мәселелерден сабақ ала отырып, денсаулық сақтау жүйесіндегі дайындық деңгейін арттыру, ғылыми әлеуетті дамыту, цифрлық шешімдерді енгізу және кадрларды дайындау мақсатында тұрғызылды. 350 төсек-орынға есептелген жаңа мекеме еліміздің түкпір-түкпірінен туберкулезбен ауыратын 2,5 мың науқасты жыл сайын емдеуге және диагностикалық көмек көрсетуге ықпал етеді.
Премьер-министрдің орынбасары Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде денсаулық сақтау нысандарымен қатар әлеуметтік инфрақұрылым да қарқынды дамып жатқанын атап өтті.
Іс-шара барысында ИАҰҒО-ның бөлімшелеріне экскурсия ұйымдастырылып, мекеменің инфрақұрылымы мен жабдықталуы таныстырылды. Сонымен қатар мекеме ұжымымен де кездесу өтті.
Айта кетейік, Инфекциялық аурулардың ұлттық ғылыми орталығы қысқа мерзімде салынған. Мұнда клиникалық көмек көрсету, ғылыми жұмыс жүргізу, білім беру, цифрлық технологияларды пайдалану секілді мүмкіндіктер бар. Орталық балалар мен жүкті әйелдерге де медициналық көмек көрсетеді. Төтенше жағдайлар кезінде жедел түрде 500 төсек-орынға дейін кеңейтілуі мүмкін.
ИАҰҒО - диагностика мен емдеуден бастап, инфекциялық және паразиттік ауруларға, оның ішінде дәріге төзімді туберкулез түрлеріне қатысты күрделі зертханалық зерттеулер жүргізе алатын толыққанды мекеме. Орталық инфекциялық қауіп-қатерге ұлттық деңгейде мән беретін, ғылыми жаңалықтар мен инфекциялық аурулармен жұмыс істейтін мамандарды кәсіби даярлайтын базаға айналмақ.