Дінмұхамед Қонаевтың қарындасы Рауза Қонаева өмірден өтті
16 қаңтарда мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың қарындасы, белгілі ғалым, доктор, профессор Рауза Қонаева 90 жасында дүниеден өтті. Қаралы хабарды Дінмұхамед Қонаев атындағы халықаралық қор мәлімдеді.
Рауза Меңліахметқызы Қонаева 1934 жылы 10 сәуірде Алматы облысының Шілік ауылында туған. Ол Қонаевтар әулетіндегі кенже, он бірінші бала болған.
Ғұмырын ғылымға арнаған Рауза Қонаева 1956 жылы Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін тәмамдап, 1957 жылдан 2016 жылға дейін Қазақ КСР Ғылым академиясында және Қазақстан Республикасының Ғылым академиясында еңбек етті. Ол биохимия және молекулалық биология саласында елеулі ғылыми зерттеулер жүргізіп, отандық ғылымның дамуына зор үлес қосты.
Марқұмды жақындары зиялы, қарапайым әрі мейірімді жан ретінде еске алады.