Жаңалықтар

Қазақстандықтардың банк шоттарына пайыз есептеу заңмен бекітілді

Қасым-Жомарт Тоқаев банктердің қызметіне және қаржы нарығын реттеуге қатысты бірқатар заңнамалық актілерге енгізілген түзетулерге қол қойды. Бұл өзгерістер қазақстандықтардың банк шоттарына пайыз есептеуге мүмкіндік береді.

Жаңа нормаларға сәйкес, енді банктер тек депозиттерге ғана емес, сонымен қатар азаматтардың ағымдағы және карта шоттарындағы қаражатқа да сыйақы есептей алады. Тиісті түзетулер «Банктер және банк қызметі туралы» заңға, сондай-ақ басқа да қаржы саласын реттейтін заңнамаларға енгізілді.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің түсіндіруінше, түзетулер қатарында Азаматтық кодекстегі жеке тұлғалар мен заңды ұйымдардың банк шоттарына пайыз есептеуге тыйым салатын норманы алып тастау да бар. Алайда мұндай сыйақының мөлшері шектеледі.

Атап айтқанда, Мәжіліс депутаттарының бастамасымен банктерге тұрақты және карта шоттары бойынша жылдық мөлшерлемесі 1 пайыздан аспайтын сыйақы төлеуге рұқсат берілді. Депутаттардың айтуынша, бұл қадам қолма-қол ақшасыз жинақтардың тартымдылығын арттырып, банк секторындағы бәсекелестікті күшейтуге ықпал етеді.