Жаңалықтар

Еуропалық НАТО елдері Дания мен Гренландияның егемендігін қолдайтынын мәлімдеді

НАТО-ға мүше бірқатар еуропалық елдер Дания мен Гренландияға қатысты ортақ саяси ұстанымын білдірді. Бірлескен мәлімдемеде олардың егемендігі мен аумақтық тұтастығы толық қолдауға ие екені атап өтілді.

Құжатқа Финляндия, Франция, Германия, Нидерланд, Норвегия, Швеция және Ұлыбритания қол қойған. Мәтін Швеция үкіметінің ресми сайтында жарияланған.

Мәлімдемеде тараптар диалогқа ашық екенін, алайда кез келген келіссөз тек егемендік пен аумақтық тұтастық қағидаттарын сақтау аясында жүргізілуі тиіс екенін атап өткен.
«Біз толық қолдайтын егемендік пен аумақтық тұтастық принциптеріне негізделген диалогқа қатысуға дайынбыз», – делінген құжатта.

Сонымен қатар мәлімдемеде АҚШ тарапынан баж салығын енгізу жөніндегі ықтимал қадамдар трансатлантикалық қарым-қатынастарға кері әсер етуі мүмкін екені айтылған. Құжатқа қол қойған елдер мұндай жағдайға бірлескен әрі үйлестірілген түрде жауап беруге дайын екендерін жеткізді.

Аталған мәлімдеме Батыс елдері арасындағы саяси бірлікті көрсетуге және Гренландия төңірегіндегі геосаяси ахуал аясында Данияның ұстанымын нығайтуға бағытталған.