Президент: Қыз алып қашу – адам ұрлау деген сөз
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында сөз сөйлеп, қыз алып қашу әрекетіне қатысты қатаң ұстанымын білдірді.
Мемлекет басшысы бұл әрекетті тікелей қылмыс деп атап, оның ұлттық құндылықтарға да, адам құқықтарына да қайшы екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттыру, әйелдер мен қыздардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, дәстүр мен мәдениет деген желеумен жасалатын заңсыз әрекеттерге ешқандай кешірім болмауы тиіс.
Президент сондай-ақ заңнаманы жетілдіру арқылы мұндай қылмыстардың алдын алу, жауапкершілікті күшейту және құқық қорғау органдарының жұмысын жүйелі түрде жетілдіру қажеттігін жеткізді.
Ұлттық құрылтайдың V отырысында әлеуметтік әділеттілік, құқықтық тәртіп, қоғамдағы қауіпсіздік пен адам құқығын қорғау мәселелері негізгі тақырыптардың бірі ретінде қарастырылды.