Жаңалықтар

Президент: Жаңа Парламентке «Құрылтай» деген атау беру керек

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында Парламентті реформалау мәселесіне тоқталып, болашақ заң шығарушы органға «Құрылтай» атауын беру жөнінде ұсыныс айтты.

Мемлекет басшысы жұмыс тобы түскен ұсыныстарды жинақтап, Парламенттік реформаны жан-жақты қарастырғанын жеткізді.

Жаңа Парламентті жасақтау тәртібі қандай болады?

Президенттің айтуынша, Парламентті қалыптастырудың жаңа қағидаттары төмендегідей болады:

депутаттар пропорционалды сайлау жүйесі бойынша сайланады;

Парламентте Президент квотасы болмайды;

депутаттар қатарында арнайы «таңдаулы» немесе танымал тұлғаларға арналған артықшылықтар қарастырылмайды;

Қазақстан халқы Ассамблеясының арнайы квотасы алынып тасталады;

депутаттар 5 жыл мерзімге сайланады;

мандаттардың жалпы саны – 145.

Мемлекет басшысы бұл реформалар заң шығарушы биліктің тиімділігін арттырып, халықтың өкілдігін күшейтуге бағытталғанын атап өтті.

Ұлттық құрылтайдың V отырысында саяси жүйені жаңғырту, мемлекеттік басқаруды жетілдіру және билік институттарының ашықтығын арттыру мәселелері негізгі тақырыптардың бірі болды.