Жаңалықтар

Жәнібек Әлімханұлының допинг дауы: тыйым салынған зат екінші сынамадан да анықталды

Қазақстандық кәсіпқой боксшы *Жәнібек Әлімханұлының допингке қатысты дауы ушыға түсті. Спортшының В, яғни екінші допинг сынамасынан да тыйым салынған зат анықталды. Бұл ақпаратты Кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков растады.

Оның айтуынша, АҚШ-тағы VADA ұйымынан 34 беттен тұратын қорытынды сараптама алынған. Тексеру нәтижесі бойынша, екінші сынама да оң нәтиже көрсеткен.

Федерация басшысы істі қайта қарау аяқталғанға дейін Жәнібек Әлімханұлының барлық жарыстардан уақытша шеттетілгенін хабарлады. Қайта қарау қорытындысы бойынша барлық материалдар халықаралық ұйымдарға, соның ішінде WBO, IBF және басқа да құрылымдарға жолданады. Олар боксшыны чемпиондық атақтарынан айыру немесе айырмау туралы түпкілікті шешім қабылдайды.

Еске сала кетейік, 6 желтоқсанда Жәнібек Әлімханұлы Эрисланди Ларамен WBA нұсқасы бойынша үш чемпиондық белбеуді біріктіру жекпе-жегіне шығуы тиіс болған. Алайда VADA жүргізген допинг сынамада мельдоний анықталып, жекпе-жек өтпей қалды.

Осы жағдайдан кейін Premier Boxing Champions ұйымы Жәнібектің орнына жаңа қарсылас тағайындағанын мәлімдеді. Нәтижесінде Эрисланди Лара венесуэлалық Йохан Гонсалеспен жекпе-жек өткізіп, WBA чемпиондық белбеуін сәтті қорғады.

Қазіргі уақытта Жәнібек Әлімханұлына қатысты тергеу және барлық тиісті рәсімдер жалғасуда.