Жаңалықтар

Тұрғын үйде үлесі бар кезектегілерге де мемлекеттік қолдау қолжетімді

Отбасы банк тұрғын үй кезегінде тұрған, бірақ жылжымайтын мүлікте үлесі бар азаматтарға қатысты талаптарды жеңілдетті. Енді мұндай азаматтар жеңілдетілген ипотека рәсімдеуге және жалдамалы тұрғын үй алуға өтініш бере алады. Банктің мәліметінше, бұл өзгерістер биылғы ақпан айынан бастап күшіне енеді.

Бұған дейін кезекте тұрған адамның жылжымайтын мүлікте, тіпті өте шағын үлесі болса да, ол мемлекеттік қолдау шараларына қатыса алмайтын. Себебі қолданыстағы талапқа сәйкес, үміткер соңғы бес жыл ішінде тұрғын үйге меншік құқығына ие болмауы тиіс еді. Мысалы, өз баспанасы жоқ, бірақ ата-анасының пәтерінде аз ғана үлесі бар азаматтар да жеңілдетілген ипотека мен мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларынан шет қалатын.

Жаңа шешімге сәйкес, егер азамат ресми түрде тұрғын үй кезегінде тұрса, оның тұрғын үйдегі үлесі мемлекеттік қолдауға кедергі болмайды. Мұндай азаматтар жеңілдетілген ипотекаға немесе сатып алу құқығымен не онсыз берілетін жалдамалы тұрғын үйге үміткер бола алады.