Жаңалықтар

Жамбылда астан уланған оқушылар ісі бойынша кәсіпкерге 12 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды

Жамбыл облысында мектеп оқушыларының жаппай улануына байланысты қозғалған іс бойынша сот шешімі шықты. Байзақ ауданында болған оқиғаға қатысты мектепке қарама-қарсы орналасқан дүкен иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Іс материалдарына сәйкес, былтыр қараша айында Байзақ ауданы аумағындағы мектептердің бірінде 12 оқушы бірінен соң бірі ауруханаға жеткізілген. Тексеру барысында уланған оқушылардың барлығы мектеп жанындағы дүкеннен фаст-фуд өнімдерін тұтынғаны анықталған.

Оқиғадан кейін санитарлық-эпидемиологиялық тексеру жұмыстары жедел жүргізілді. Зертханалық сараптама нәтижесінде тағам өнімдерінің сынамаларынан ішек таяқшалары тобына жататын бактериялар табылған. Мамандар бұл жағдай тағамды дайындау кезінде санитарлық нормалардың өрескел бұзылғанын көрсететінін мәлімдеді.

Сот отырысында кәсіпкер өз кінәсін ішінара мойындаған. Сонымен қатар, дүкенде тоғыз адам тұрақты жұмыспен қамтылғаны ескеріліп, сот кәсіпкерлік нысанның қызметін тоқтатпау жөнінде шешім қабылдады.

Жамбыл облыстық сотының баспасөз қызметінің басшысы Алина Райымбаеваның хабарлауынша, сот қаулысымен «К.» жеке кәсіпкері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылған. Айыппұл мөлшері 30 пайызға қысқартылып, нәтижесінде 1,2 миллион теңгеден астам сома белгіленген. Сот қаулысы заңды күшіне енді.

Бұл оқиға өңірде мектеп маңындағы сауда нысандары мен қоғамдық тамақтану орындарындағы санитарлық талаптарды қатаң бақылаудың маңызын тағы бір мәрте күн тәртібіне шығарды.