Жамбыл өңірінде кәсіпкерлер құқығын қорғау күшейіп, инвестициялық жобалар қарқын алды
Елімізде шағын және орта бизнестің құқықтарын қорғау жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Жамбыл облысында бұл бағыттағы жұмыстардың нақты нәтижесі бар. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Айдар Абдықадыров өткен жылдың қорытындылары мен алдағы жоспарлар жөнінде кеңінен баяндады.
Оның айтуынша, өткен жылы кәсіпкерлер палатасына шағын және орта бизнес өкілдерінен 110 өтініш түскен. Соның 68-і оң шешімін тауып, бұл көрсеткіш 61,8 пайызды құраған. Ал алдыңғы жылмен салыстырғанда шешілген мәселелер саны 46-ға артқан. Қаралған өтініштердің басым бөлігі жер қатынастары, білім беру және мемлекеттік сатып алу салаларына қатысты. Нәтижесінде кәсіпкерлердің қорғалған мүліктік құқықтарының жалпы сомасы 878 миллион теңгеге жеткен.
Сонымен қатар палатаға 131 нормативтік-құқықтық акт жобасы келіп түскен. Оның бір бөлігіне ескертусіз оң қорытынды берілсе, бірқатарына кәсіпкерлер мүддесін ескеруге бағытталған ұсыныстар енгізілген. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес отырыстары тұрақты түрде өткізіліп, онда нақты мәселелер қаралып, жауапты органдарға ұсынымдар жолданған. Осы ұсынымдардың нәтижесінде бірқатар лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Айдар Қайнарұлының мәліметінше, өткен жылы палата кәсіпкерлердің мүддесін қорғау мақсатында 13 сот отырысына қатысып, төрт іс бойынша бизнес субъектілерінің пайдасына 201 миллион теңге өндірілген. Прокуратура органдарымен бірлескен жұмыстардың арқасында заңсыз тексерулер қысқартылып, жүйелі мәселелер шешімін тапқан.
Инвестиция тарту және жобаларды сүйемелдеу де негізгі бағыттардың бірі болып отыр. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен»-нің интерактивті инвестициялық картасына ондаған өңірлік жоба енгізіліп, мыңдаған жаңа жұмыс орны ашылған. Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа аясында да ірі жобалар мониторингтен өткізіліп, инвесторлармен тұрақты кері байланыс орнатылған.
Бұдан бөлек, салалық кеңестердің жұмысы жанданып, туризм, әйелдер кәсіпкерлігі, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы бағыттарында нақты ұсыныстар әзірленген. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерімен бірлескен жобалар арқылы сотталғандарды еңбекпен қамту және өндірістік қуаттарды пайдалану мәселелері де кезең-кезеңімен шешіліп келеді.
Жалпы алғанда, атқарылған жұмыстар кәсіпкерлер үшін қолайлы орта қалыптастыруға, инвестициялық климатты жақсартуға және адами капиталды дамытуға бағытталған. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының бұл бағыттағы қызметі алдағы уақытта да жалғасын табатыны айтылды.