Жаңалықтар

Жамбыл облысында ауа райы күрт бұзылады: боран мен қатты жел күтіледі

Жамбыл облысында алдағы күндері қолайсыз ауа райы болжанып отыр. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті тұрғындар мен өңір қонақтарына дауылды ескерту жариялады.

Мамандардың мәліметінше, 22 қаңтар күні түнде облыстың батыс және оңтүстік бөліктерінде, сондай-ақ таулы аудандарда қар жауып, жаяу бұрқасын мен көктайғақ қалыптасуы мүмкін. Күндіз де қар мен бұрқасын жалғасып, жолдарда мұз қату қаупі сақталады. Кей жерлерде тұман түсіп, көріну қашықтығы төмендеуі ықтимал.

Жел бағыты солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа ауысып, облыстың бірқатар аумақтарында секундына 15-20 метрге дейін күшейеді. Таулы және жекелеген аудандарда жел екпіні 23-28 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.

Тараз қаласында да ауа райы қолайсыз болады. Таңертең және күндіз қар жауып, көктайғақ күтіледі. Кей уақыттарда тұман түсіп, күндіз жаяу бұрқасын соғуы ықтимал. Қалада желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін күшейіп, кей сәттерде 25 м/с-қа жетеді.

Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды сақтық шараларын күшейтуге шақырады. Әсіресе жолға шығатын жүргізушілерге жылдамдықты шектеу, ал жаяу жүргіншілерге қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау ұсынылады. Қолайсыз ауа райы кезінде қажетсіз сапарлардан бас тарту да маңызды.