Жаңалықтар

Қазақстанда төрт жаңа фармацевтикалық зауыт салынады: 173 млрд теңге инвестиция тартылады

Үкімет фармацевтикалық өндірістерді локализациялау бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен «АлтИНФАРМ» ЖШС, «МСП-РОМФАРМ» ЖШС, «Абди Ибрагим Глобал фарм» ЖШС және «Нобел Алматы фармацевтика фабрикасы» АҚ арасында инвестициялар туралы келісімдер жасасуды мақұлдады. Тиісті қаулыларға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

356 дәрілік зат өндірісі локализацияланады

Жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар дәрілік заттарды қоса алғанда, 356 түрлі дәрі-дәрмек өндірісін жергіліктендіру көзделіп отыр.

Өндірістік желі мына бағыттарды қамтиды:

онкологиялық ауруларды емдеуге арналған препараттар;

қант диабетіне қарсы дәрілер;

иммунобиологиялық өнімдер;

вирусқа қарсы препараттар;

антианемиялық дәрілер;

ауырсынуды басатын және қабынуға қарсы құралдар;

суық тиюге және микробтарға қарсы препараттар.

Зауыттар қай өңірлерде салынады?

Жаңа кәсіпорындар:

Алматы қаласында – 2 жоба;

Түркістан облысында – 1 жоба;

Алматы облысында – 1 жоба.

«АлтИНФАРМ» ЖШС жобасы

Алматы қаласындағы «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағында фармацевтикалық зауыт салынады.

Инвестиция көлемі: 58,5 млрд теңге

Өндірілетін дәрі түрлері: 54

Оның ішінде әлеуметтік маңызы бар: 35

Жаңа жұмыс орындары: 60

Өндірістік портфельге иммунобиологиялық препараттар, сондай-ақ онкологиялық аурулар мен қант диабетін емдеуге арналған дәрілер кіреді.

Стратегиялық серіктестер:

Sinopharm

Sinovac

Kangtai Biological Technology

«Нобел Алматы фармацевтика фабрикасы» АҚ жобасы

Алматы қаласында халықаралық GMP стандарттарына сәйкес белсенді фармацевтикалық ингредиенттерді, дәрілік заттар мен биопрепараттар өндіретін кешен салынады.

Инвестиция көлемі: 39,2 млрд теңге

Өндірілетін дәрі түрлері: 53

Әлеуметтік маңызы бар: 17

Жаңа жұмыс орындары: кемінде 200

Стратегиялық серіктес – Nobel İlaç компаниясы.

«Абди Ибрагим Глобал фарм» ЖШС жобасы

Алматы облысында көпсалалы өндірістік желілері бар фармацевтикалық кешен құрылады.

Инвестиция көлемі: 39 млрд теңге

Өндірілетін дәрі түрлері: 76

Жаңа жұмыс орындары: кемінде 150

Өнімдер қатарында вирусқа қарсы препараттар, II типті қант диабетіне қарсы дәрілер және антианемиялық құралдар болады.

Стратегиялық серіктес – Abdi Ibrahim компаниясы.

«МСП-РОМФАРМ» ЖШС жобасы

Жоғары технологиялы фармацевтикалық зауыт Түркістан облысындағы TURAN арнайы экономикалық аймағында және Алматы облысындағы өндірістік алаңдарда салынады.

Инвестиция көлемі: 36,7 млрд теңге

Өндірілетін дәрі түрлері: 101

Жаңа жұмыс орындары: шамамен 265

Өндіріс ауырсынуды басатын, қабынуға қарсы, суық тиюге және микробтарға қарсы препараттарды қамтиды.

Жобаның серіктестері:

World Medicine

Rompharm

675 жаңа жұмыс орны ашылады

Инвестициялық жобаларды іске асыру нәтижесінде жалпы саны шамамен 675 жаңа жұмыс орны құрылады.

Импортқа тәуелділік азаяды

Зауыттардың құрылысы мен іске қосылуы:

отандық дәрілік заттар өндірісінің үлесін арттыруға;

фармацевтика нарығындағы импортқа тәуелділікті азайтуға;

дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесінің тұрақтылығын нығайтуға;

халықты сапалы әрі қолжетімді отандық дәрілермен қамтуға мүмкіндік береді.

Мамандардың айтуынша, бұл жобалар Қазақстанның дәрі-дәрмек қауіпсіздігін арттырып, денсаулық сақтау жүйесінің ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды тетіктерінің біріне айналады.