Қаскелеңдегі мектепте оқушы қайтыс болды – ресми дерек
Қаскелең қаласындағы Қаныш Сәтбаев атындағы №47 орта мектепте 9-сыныпта оқитын оқушы мектеп қабырғасында қайтыс болды.
Алматы облыстық білім басқармасының мәліметінше, қайғылы оқиға бірінші сабақтан кейінгі үзіліс кезінде болған.
Оқушының жағдайы үзіліс кезінде күрт нашарлаған
Ведомство таратқан ақпаратқа сәйкес, 9 «Г» сыныбында оқитын оқушының денсаулығы кенеттен нашарлаған. Мектеп әкімшілігі жағдайды байқаған сәтте бірден жедел медициналық жәрдем бригадасын шақырған.
Сондай-ақ баланың жағдайы туралы әкесіне дереу хабар берілген.
«Оқушының анасы бөлек тұрады. Оқиға болған уақытта баланың қасында әжесі болған. Ол – осы мектептің география пәнінің мұғалімі», – деп нақтылады Алматы облыстық білім басқармасында.
Тергеу және тексеру жұмыстары жүргізілуде
Қазіргі уақытта оқиғаның нақты себептері анықталуда. Тиісті органдар тарапынан тексеру жұмыстары басталып, медициналық қорытынды күтіліп отыр.
Білім басқармасы марқұмның жақындарына көңіл айтып, тергеу нәтижесі бойынша қосымша ақпарат берілетінін мәлімдеді.
Материал ресми деректер негізінде дайындалды.