Меркі ауданында жас спортшылар ауруханаға жеткізілді: тексеру жұмыстары жүргізілуде
2026 жылғы 21 қаңтар күні кешкі сағат 22:40 шамасында Меркі аудандық көпбейінді орталық ауруханасы-на «Тұран» демалыс орнынан 12–17 жас аралығындағы 22 кәмелетке толмаған жасөспірім жеткізілді. Олар Қызылорда облысынан Меркі ауданына күрес түрінен оқу-жаттығу жиынына келген. Алдын ала қойылған диагноз - этиологиясы анықталмаған гастроэнтерит.
Аурудың нақты себептерін анықтау мақсатында науқастардан және пайдаланылған тағам өнімдерінен зертханалық сараптамалар алынды. Қазіргі уақытта олардың қорытындылары күтілуде. Оқиғаға байланысты облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тиісті тексеру жұмыстарын бастап кетті.
Аталған дерек 2026 жылғы 21 қаңтарда Меркі аудандық полиция бөлімінде тіркелді. Құзырлы органның тексеру нәтижелері бойынша тиісті процестік шешім қабылданатын болады.
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасына сәйкес оқиға орнына облыс әкімінің орынбасарлары Айжан Есмағамбетова мен Серік Сәлемов барып, жедел штаб отырысын өткізді. Жағдай өңір басшылығының тікелей бақылауына алынған.
Медицина мамандарының мәліметінше, ауруханаға жеткізілген балалардың жағдайы жеңіл дәрежеде, жалпы хал-жағдайы тұрақты. Барлығы дәрігерлердің тұрақты бақылауында. Демалыс орнында орналасқан өзге балаларға да профилактикалық медициналық тексеру жүргізіліп, ауру белгілері анықталған жоқ. Алдын алу шаралары жалғасуда.
Айта кетейік, аталған демалыс орнында барлығы 103 жас спортшы мен 13 жаттықтырушы қоныстанған. Тиісті органдар тарапынан жағдайды жан-жақты зерделеу және қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр.