Тоқаев Бейбітшілік кеңесінің Жарғысына қол қойды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамптың бастамасымен құрылған Бейбітшілік кеңесінің Жарғысына қол қойды.
Қол қою рәсімі халықаралық деңгейде ұйымдастырылып, оған Қазақстан Президентімен қатар әлемнің 18 елінің мемлекет басшылары мен ресми өкілдері қатысты.
Ресми ақпаратқа сәйкес, Бейбітшілік кеңесі жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға, халықаралық қақтығыстардың алдын алуға және мемлекеттер арасындағы саяси диалогты дамытуға бағытталған халықаралық алаң ретінде құрылып отыр.
Салтанатты рәсім барысында қатысушы елдердің басшылары халықаралық тұрақтылықты сақтау, бейбіт келіссөздерді ілгерілету және көпжақты ынтымақтастықты күшейту мәселелерін талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Қазақстанның бейбітшілік бастамаларын әрдайым қолдайтынын және халықаралық ұйымдар аясындағы сындарлы ынтымақтастыққа бейілді екенін атап өтті.
Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанның аталған құжатқа қол қоюы елдің сыртқы саясаттағы бейбіт бағыттағы ұстанымын және халықаралық беделін тағы бір мәрте айқындай түседі.