Жаңалықтар

Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев орынбасарымен төбелес - іс полицияға жетті

Қарағандыда бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев пен оның орынбасары Дәурен Есімханов арасында төбелеске ұласқан жанжал болды.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, оқиға 21 қаңтар күні Қарағанды қаласындағы спорт кешендерінің бірінде болған. Қызметтік сипаттағы келіспеушілік соңы сөзге келіп, кейін физикалық жанжалға ұласқан. Нәтижесінде Серік Сәпиев жарақат алып, құқық қорғау органдарына арыз түсірген.

Аталған дерек бойынша полиция денсаулыққа қасақана зиян келтіру фактісімен қылмыстық іс қозғады. Жәбірленушінің алған жарақаттарының сипатын анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалған.

Ресми хабарламада:
«42 жастағы Қарағанды қаласының тұрғынының арызы негізінде ұрып-соғу фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын анықтауда. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды», – делінген.

Қоғамда кең резонанс тудырған бұл оқиғаға қатысты тергеу жалғасып жатыр. Даудың нақты себептері мен тараптардың жауапкершілігі алдағы уақытта белгілі болмақ.