Биыл балалар Ұлттық қордан 130 доллардан алады
2026 жылы Қазақстандағы барлық балаларға Ұлттық қордан 130 АҚШ доллары көлемінде төлем жасалады. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді.
Оның айтуынша, тиісті ресми ақпарат 1 ақпан күні жарияланады. Қаражат «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында әрбір баланың жеке есепшотына аударылады.
Тимур Сүлейменовтің дерегінше, Ұлттық қорды басқарудан түскен инвестициялық табыс 8,7 миллиард АҚШ долларына жеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 15 пайыздық өсімді көрсетеді.
Айта кетейік, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы 2024 жылдан бастап іске қосылған. Бағдарламаға сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын барлық кәмелетке толмаған балаларға жыл сайын Ұлттық қор табысынан қаражат бөлінеді. Бұл ақша 18 жасқа толғанға дейін жинақталып, кейін білім алу немесе тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында пайдаланылуы мүмкін.
Мамандардың айтуынша, бұл бастама болашақ ұрпақтың қаржылық тұрақтылығын арттыруға және әлеуметтік қолдауды күшейтуге бағытталған маңызды қадам болып саналады.