Түркістанда 8 айлық нәрестенің іш қуысынан ине табылды
Түркістан қалалық орталық ауруханасына қызылшаға күдікпен 8 айлық сәби жеткізілді.
Алайда дәрігерлер жүргізген тексеру барысында күтпеген жағдай анықталды - рентген нәтижесінде баланың іш қуысынан бөгде зат, яғни ине табылған.
Медициналық мамандардың айтуынша, сәбидің мазасыз күйі мен дене қызуының көтерілуі жұқпалы инфекциядан емес, дәл осы иненің әсерінен болған.
Зерттеу қорытындысы иненің асқорыту жолы арқылы емес, бауыр тұсы арқылы енгенін көрсеткен. Баланың анасы бұл затты нәресте өздігінен жұтпағанын мәлімдеді.
Түркістан қалалық орталық ауруханасы мен балалар ауруханасының дәрігерлері бірлесіп шұғыл операция жасап, қажетті ем-шараларды толық көлемде жүргізді.
Дәрігерлердің дерегінше, уақытылы жасалған хирургиялық көмек пен тұрақты бақылаудың арқасында сәби қазір тез қалпына келе бастаған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл жағдай барлық ата-аналарға балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударып, тұрмыстық заттарды абайлап сақтау қажеттігін еске салатынын атап өтті.