Алғашқы екі жағдай осы аптаның басында медицина қызметкерлерінен анықталған. Кейін тағы үш жаңа дерек расталып, олардың арасында дәрігер, медбике және медициналық мекеме қызметкері бар екені хабарланды.
Батыс Бенгалия денсаулық сақтау департаментінің мәліметінше, жұқтырған қызметкердің жағдайы жақсарып келеді, алайда бір науқас әйелдің хәлі өте ауыр. Екеуі де жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр.
Нипах вирусы өлімге әкелуі мүмкін аса қатерлі инфекциялардың қатарына жатады. Қазіргі таңда оған қарсы арнайы дәрі-дәрмек немесе вакцина жоқ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл вирусты жоғары қауіп төндіретін патоген ретінде бағалайды.
Мамандардың айтуынша, вирустың негізгі тасымалдаушылары - жарқанаттар. Сонымен қатар, жұқпа жемістер арқылы немесе адамнан адамға берілуі ықтимал.
Аурудың негізгі белгілеріне дене қызуының көтерілуі, бас және бұлшықет ауруы, құсу, тамақтың ауыруы жатады. Ауыр жағдайларда ми қабынуы пайда болып, науқас екі тәулік ішінде комаға түсуі мүмкін.
ДДСҰ деректеріне сәйкес, Нипах вирусының өлім-жітім деңгейі штамына байланысты 40–75 пайыз аралығында. Аман қалған адамдарда ұзақ мерзімді неврологиялық асқынулар байқалуы мүмкін.




