Жаңалықтар

Жамбыл облысында спорт саласы қарқынды дамып келеді: 2026 жылы тағы 13 нысан ашылады

Тараз. 2025 жыл Жамбыл облысының спорт саласы үшін нәтижелі кезең болды. Өңірде спорт инфрақұрылымын жетілдіру, жоғары жетістіктер спортын дамыту және бұқаралық спортты кеңейту бағытында бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылды.

Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ернар Ибраимов мәлімдеді.

Оның айтуынша, өткен жылы аймақта үш облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ашылып, тағы екі спорт мекемесі спорт клубы ретінде қайта құрылды. Сонымен қатар өңірде боксты жүйелі дамыту және жасөспірімдер мен ересек спортшыларды бір орталыққа топтастыру мақсатында Олимпиада резервін даярлау орталығының спорт кешені «Жамбыл» бокс орталығы болып қайта рәсімделген.

Сондай-ақ Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт сарайына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Қазақстан футбол федерациясының «Алаң» жобасы аясында сыртқы футбол алаңы жаңартылған. Бұдан бөлек, өткен жылы футбол академиясының құрылысына капсула салу рәсімі өткен.

Қазіргі таңда облыстағы спорт мекемелерінде 27 507 спортшы тұрақты түрде жаттығып, олармен 1 136 жаттықтырушы жұмыс істейді. Өңірде спорттың 88 түрі дамытылып, 858 жамбылдық спортшы түрлі деңгейдегі ұлттық құрама командалар сапында өнер көрсетіп жүр.

2025 жыл жамбылдық спортшылар үшін табысты болды. Олар республикалық және халықаралық жарыстарда барлығы 1 856 медаль иеленген. Оның ішінде 686 алтын, 515 күміс және 655 қола жүлде бар.

Өткен жылдың басты халықаралық жарыстарының бірі – Токиода өткен Сурдлимпиада ойындары болды. Аталған додада Жамбыл облысынан 12 спортшы 7 спорт түрінен бақ сынап, 1 алтын, 3 күміс және 2 қола медаль жеңіп алған.

Командалық спорт түрлерінде де айтарлықтай жетістіктер тіркелді. Қазақ күресінен Қазақстан Республикасы чемпионатында Жамбыл облысының құрамасы күміс жүлдеге ие болса, бокс, дзюдо және футболдан жасөспірімдер құрамалары жалпы командалық есепте жеңімпаз атанды.

Көкпардан жастар құрамасы 9-рет Қазақстан чемпионы атанса, ересектер құрамасы ел біріншілігінде 15-рет чемпион атанды. Ал еркін күрестен Жамбыл облысының құрамасы бесінші жыл қатарынан ел чемпионы болып танылды.

Сонымен қатар олимпиадалық спорт түрлері бойынша төрт жылда бір рет өтетін жастар ойындарының қорытындысы бойынша Жамбыл облысы 20 өңірдің ішінде 5-орынға тұрақтаған.

2025 жылдың қорытындысы бойынша облыста жүйелі түрде спортпен шұғылданатын тұрғындар саны 514,9 мың адамға жетіп, бұл жалпы халықтың 44,8 пайызын құрады. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында елді мекендерде жұмыс істейтін спорт нұсқаушыларының саны 290-ға жеткізілген. Жыл басынан бері өңірде 4 286 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, оған шамамен 400 мың адам қатысқан.

Спорт инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар да жалғасып жатыр. Қазіргі таңда облыс аумағында 2 465 спорт нысаны жұмыс істейді. 2025 жылы 8 спорт нысаны мен 103 спорт алаңшасы пайдалануға беріліп, нәтижесінде халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтылу деңгейі 75,4 пайызға жеткен.

Ал 2026 жылы өңірде тағы 13 спорт нысанын пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Ернар Ибраимовтың айтуынша, алдағы жылы жоғары жетістіктер спортын дамытуға және халықаралық жарыстарға дайындыққа басымдық беріледі.