«Құндыздың қол-аяғы байлаулы»: әлеуметтік желідегі сурет қоғамды алаңдатты
Әлеуметтік желілерде Құндыз есімді қыздың қол-аяғы байлаулы, аузы скочпен жабылған суреттері таралып, көпшіліктің алаңдаушылығын тудырды. Желі қолданушылары бұл қыз Тараз қаласында қамқоршылардың қарауында тұрып жатқан әпкелі-сіңлілі балалардың бірі болуы мүмкін екенін жазуда.
Оқиғаға байланысты журналист Руслан Өтепбай дабыл қағып, Жамбыл облысының құқық қорғау органдарынан дереу әрекет етуді талап етті.
Журналистің айтуынша, ол жағдайдың анық-қанығын білу үшін Құндыздың қамқоршысы Зүльфиямен байланысқа шыққан. Алайда қамқоршының берген жауабы күмән тудырған.
«Сөзі бір-біріне сәйкес келмейді. “Мен байлаған жоқпын” деп ақталып отыр. Бірақ мен бұған сенбеймін», – деді Руслан Өтепбай.
Ол Тараз қаласының қорғаншылық және қамқоршылық органдарын, сондай-ақ қалалық полиция департаментін бұл мәселеге бейжай қарамай, толық тексеру жүргізуге шақырды.
Сонымен қатар журналист ертең Таразға арнайы барып, жағдайды өз көзімен анықтауды жоспарлап отырғанын айтты.