Жаңалықтар

Қазақстанның ерлер құрамасы жаңа бас бапкермен Испанияға аттанды

Қазақстан бокстан ерлер ұлттық құрамасы жаңа бас бапкер Нұржан Насановтың жетекшілігімен Испанияға оқу-жаттығу жиынына және халықаралық турнирге қатысу үшін жолға шықты.

Бұған дейін ұлттық құрама 2026 жылдың алғашқы оқу-жаттығу жиынын Түркістан облысында өткізген.

Бас бапкердің айтуынша, Испанияда құрама боксшылары бірлескен дайындықтан өтіп, кейін Boxam Elite халықаралық турнирінде өнер көрсетеді.

– Түркістан облысында өткен алғашқы оқу-жаттығу жиынын аяқтап, Испанияға жол тарттық. Онда бірлескен жаттығу жиынына қатысып, кейін Boxam Elite халықаралық турнирінде бақ сынаймыз. Жарысқа шамамен жиырма команда келеді деп күтілуде, – деді Нұржан Насанов.

Ол боксшылардың соңғы уақытта жарыстарға сирек қатысқанын ескеріп, турнир тәжірибесінің аса маңызды екенін атап өтті.

– Жылдың басы болғандықтан, боксшылар біраз уақыт шаршы алаңға шықпай қалды. Сондықтан қазіргі уақытта жарыс тәжірибесі аса қажет. Испаниядағы турнирге екі құрам аттанды, – деді бас бапкер.

Нұржан Насановтың сөзінше, Испаниядан кейін ақпан айында Алматы облысында тағы бір оқу-жаттығу жиыны ұйымдастырылып, құрамалар Болгарияда өтетін дәстүрлі «Странджа» халықаралық турниріне қатысады.

– Ақпан айында Алматы облысында оқу-жаттығу жиынын өткізіп, тағы екі құраммен Болгариядағы «Странджа» турнирінде бақ сынаймыз. Осы аралықта барлық боксшылардың дайындығын бағалаймыз. Сонымен қатар жастар құрамасын да шақырып, резервті бақылап көреміз, – деді ол.

Бас бапкер тағайындалғанына аз уақыт өтсе де, командамен тез тіл табысқанын атап өтті.

– Бас жаттықтырушы болып тағайындалғаныма көп бола қойған жоқ, бірақ боксшылармен өзара түсіністік орнаттық. Басты ұстаным – тәртіп пен ауызбіршілік. Қалыптасқан шеберлік мектебін бұзбай, жаңа элементтер енгізуге тырысамыз, – деді Нұржан Насанов.

Испанияға аттанған құрам

50 кг:
Санжар Тәшкенбай, Нұрзат Оңғаров

55 кг:
Махмұд Сабырхан, Бексұлтан Боранбек

60 кг:
Серік Теміржанов, Дәулет Молдашев

65 кг:
Санатәлі Төлтаев

70 кг:
Төрехан Сабырхан, Нұрбек Мурсал

75 кг:
Тимур Нұрсейітов, Аман Қонысбеков

80 кг:
Ерасыл Жақпеков, Азамат Бектас

85 кг:
Нұрбек Оралбай

90 кг:
Сағындық Тоғамбай, Оңталап Рахманов

+90 кг:
Айбек Оралбай, Нұрасыл Асылхан