Жаңалықтар

Асанәлі Әшімовтің келіні Селімхан Ізімқызы өмірден озды

Қазақстанның халық әртісі, абыз актер Асанәлі Әшімовтің отбасы тағы бір ауыр қазаға ұшырады. Бұл туралы актердің жары Бағдат Әшімова әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

Ол жазбасында отбасына қайғының қайта келгенін айтып, марқұм келіні Селімханның дүниеден өткенін жеткізді.

«Асылымнан айырылып отырғанда, көз жасымызды азайта алмай, жүрегіміз жадап отырғанда тағы бір қайғы шаңырағымызды торлады. Сағидың жары, екі немереміздің анасы – Селимхан өмірден озды. Ансарым мен Майрамның көз жасын сүрту, қайғыда қасында болу, өмір ары қарай жалғасатынын түсіндіру оңай емес. Алла енді жылатпасын...Селимхан келініміздің жатқан жері жұмақтың төрі болсын», - деп жазды Бағдат Әшімова.

Марқұм Селімхан Ізімқызы - Асанәлі Әшімовтің бірінші некесінен туған ұлы Сағи Әшімовтың жұбайы. Ерлі-зайыптының Аңсар мен Майра есімді екі баласы бар.

Отбасы мүшелері марқұмның иманы саламат болып, жатқан жері жайлы болуын тілеп отыр.