Семейде зейнеткер полиция көліктерін өртеді: күдікті ұсталды
- author BAQ-Orda
- Бүгін, 14:28
- 13
Оқиға 25 қаңтар күні кешке Юность шағын ауданында орналасқан учаскелік полиция пунктінің маңында болған. Абай облыстық полиция департаменті күдіктінің ведомство қызметкерлеріне тиесілі көліктерді әдейі өртегенін хабарлады.
Куәгерлер түсірген бейнежазба әлеуметтік желіде тарады. Ресми деректерге сүйенсек, шамамен сағат 18:10 кезінде ер адам Chevrolet Cobalt және Changan маркалы екі қызметтік көлікке өрт қойған. Кадрлардан көліктердің қатты зақымданғаны байқалады.
Оқиғадан кейін полиция күдіктіні дереу ұстап, анықтау жұмыстарын жүргізді. Белгілі болғандай, ер адам бұрын сотталған және оқиға кезінде мас күйде болған.
Тергеу барысында күдікті өзіне полиция қызметкерлері айыппұл салғанын және күш қолданғанын айтып шағымданған. Осы себепті ол полицейлерді “жазалау” мақсатында олардың көліктерін өртегенін жеткізген.
Қазіргі уақытта бұл факті бойынша бөтен мүлікті қасақана бүлдіру дерегімен қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу оның әрекетіне не түрткі болғанын анықтап жатыр.




