Жаңалықтар

Мүгедектік пен асыраушысынан айырылу жәрдемақылары 2026 жылы 10 пайызға өсті

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2026 жылғы 27 қаңтарда мүгедектікке және асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты төленетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың жаңа мөлшерін жариялады.

Министрліктің баспасөз қызметінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты бұл жәрдемақылар көлемі 10 пайызға артқан.

Сонымен қатар Үкімет шешіміне сәйкес, еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайлары бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер де 10 пайызға көбейтілді.

Жалпы аурудан мүгедектік бойынша жәрдемақы мөлшері

2026 жылы мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың көлемі мүгедектік тобына қарай мынадай болады:

I топ  - 111 872 теңге

II топ - 89 498 теңге

III топ  - 61 021 теңге

Әлеуметтік төлемдердің орташа көрсеткіші

2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері 72 409 теңгені, ал асыраушысынан айырылуға байланысты төлемдер 73 306 теңгені құрады.

Министрлік бұл төлемдердің нақты мөлшері әр азамат үшін жеке есептелетінін атап өтті. Ол соңғы екі жылдағы табыс көлеміне, әлеуметтік аударымдарға, еңбекке қабілеттілігінен айырылу коэффициентіне, асырауындағы адамдар санына және әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты болады.

Аталған төлемдер республикалық бюджеттен берілетін мемлекеттік жәрдемақыларға қосымша ретінде жүзеге асырылады.