Қазақстанда аяз күшейеді: алдағы үш күнде -35°С дейін төмендейді
Қазгидромет мамандары 27–29 қаңтар аралығына арналған ел аумағындағы ауа райы болжамын жариялады. Синоптиктердің мәліметінше, алдағы күндері Қазақстанның басым бөлігіне шығыс бағытта жылжып келе жатқан оңтүстік циклон әсер етеді.
Болжамға сәйкес, республиканың көп өңірінде қар жауады. Ал оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарда жауын-шашын жаңбыр мен қар түрінде аралас болуы мүмкін. Сонымен қатар кей жерлерде боран соғып, көктайғақ байқалады, желдің күшеюі күтіледі.
Ал Қазақстанның солтүстік-батысы, солтүстігі мен орталық өңірлері антициклон ықпалында қалып, бұл аймақтарда ауа райы негізінен тұрақты болады. Синоптиктер мұнда жауын-шашынсыз, желсіз және аязды күндер сақталатынын атап өтті.
Болжам кезеңінің алғашқы күндерінде батыс және солтүстік облыстарда түнгі температура -20…-35°С дейін төмендеп, қатты аяз болады. Кейіннен ауа температурасы біртіндеп көтеріледі: түнде -7…-20°С, ал күндіз -2…-12°С шамасында болады.
Республиканың орталық, шығыс және оңтүстік-шығыс өңірлерінде түнгі суық -3…-18°С дейін жетіп, таулы аймақтарда -15…-23°С болуы мүмкін. Күндіз ауа температурасы 0…-7°С аралығында, ал таулы өңірлерде -8…-15°С шамасында сақталады.