БАҚ Орда ақпараттық порталы. Қазақстан жаңалықтары

Байланыс

  • info@yoursite.com
  • 844-698-6394
  • Тараз қаласы, Ы.Сүлейменов көшесі №5, Шерхан Мұртаза атындағы баспасөз үйі

Қазақстан спортшылары Олимпиадада Under Armour брендімен киінеді

Қазақстан спортшылары Олимпиадада Under Armour брендімен киінеді
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Олимпиада ойындарында Қазақстан атынан өнер көрсететін спортшылардың киім үлгісіне қатысты айтылған сынға жауап берді.

Министрдің айтуынша, спортшыларға арналған киім екі бағытта қарастырылған: шеру формасы және жарыс кезінде киілетін спорттық киім. Биылғы шеру формасын толықтай отандық бренд тегін тігіп берген. Сонымен қатар қоғам тарапынан айтылған барлық ұсыныс пен ескерту назарға алынған.

– Қазіргі шеру формасы спортшыларымызға ұнады. Спорт қауымдастығы да қолдап отыр. Дегенмен алдағы уақытта оны жетілдіру жұмыстары жалғасады. Жазғы Азия ойындарына арналған жаңа формаға арнайы ашық конкурс жариялаймыз, – деді министр.

Ербол Мырзабосынов биыл спортшыларды киіндіру саясатының өзгергенін атап өтті. Оның сөзінше, жарыс кезінде киілетін негізгі спорттық жабдықтар халықаралық Under Armour брендімен жасалған келісім аясында дайындалады.

– Бұл форма спортшылардың сайыс кезінде киетін негізгі киімі болады. Әр спортшыға берілетін сөмкеде 18 түрлі спорттық өнім қарастырылған. Ең бастысы, бұл киімдер бюджеттен тыс қаражат есебінен сатып алынды, – деді ол.

Министр бұрын қысқы және жазғы спорт түрлеріне бөлек форма тігілетінін, ал биыл әр спортшыға бірдей қысқы және жазғы спорттық құрал-жабдықтар толық қамтылатынын айтты.

Сондай-ақ 2026 жылы Жапонияның Нагоя қаласында өтетін жазғы Азия ойындарына арналған шеру формасы ашық конкурс арқылы іріктелетін болады.

Осылайша, Қазақстан құрамасының халықаралық ареналардағы спорттық бейнесі жаңарып, кәсіби деңгейде күшейе түспек.

BAQ-Orda
Автор

BAQ-Orda

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Ұқсас жаңалықтар