Жаңалықтар

Қазақстан спортшылары Олимпиадада Under Armour брендімен киінеді

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Олимпиада ойындарында Қазақстан атынан өнер көрсететін спортшылардың киім үлгісіне қатысты айтылған сынға жауап берді.

Министрдің айтуынша, спортшыларға арналған киім екі бағытта қарастырылған: шеру формасы және жарыс кезінде киілетін спорттық киім. Биылғы шеру формасын толықтай отандық бренд тегін тігіп берген. Сонымен қатар қоғам тарапынан айтылған барлық ұсыныс пен ескерту назарға алынған.

Ербол Мырзабосынов биыл спортшыларды киіндіру саясатының өзгергенін атап өтті. Оның сөзінше, жарыс кезінде киілетін негізгі спорттық жабдықтар халықаралық Under Armour брендімен жасалған келісім аясында дайындалады.

Министр бұрын қысқы және жазғы спорт түрлеріне бөлек форма тігілетінін, ал биыл әр спортшыға бірдей қысқы және жазғы спорттық құрал-жабдықтар толық қамтылатынын айтты.

Сондай-ақ 2026 жылы Жапонияның Нагоя қаласында өтетін жазғы Азия ойындарына арналған шеру формасы ашық конкурс арқылы іріктелетін болады.

Осылайша, Қазақстан құрамасының халықаралық ареналардағы спорттық бейнесі жаңарып, кәсіби деңгейде күшейе түспек.