Рыбакина сенсация жасады: әлемнің екінші ракеткасын ұтып, Australian Open жартылай финалына өтті
Қазақстанның бірінші ракеткасы, әлемдік рейтингте бесінші орында тұрған Елена Рыбакина Australian Open турнирінде керемет нәтиже көрсетіп, жартылай финалға жолдама алды. Ширек финалда ол WTA рейтингінің екінші сатысындағы Польша теннисшісі Ига Швёнтекті сенімді түрде жеңді.
Кездесу екі сетте аяқталып, қазақстандық спортшы матчты 7:5, 6:1 есебімен өз пайдасына шешті.
Алғашқы партия өте тартысты өтті. Қарсыластар ұзақ уақыт бойы тең ойнап, шешуші сәтте Рыбакина мінез көрсетіп, сет соңын тиімді аяқтады.
Екінші сетте Еленаның басымдығы анық байқалды. Ол агрессивті ойын өрнегін көрсетіп, қатесіз доп қайтарып, Швёнтекке мүмкіндік бермеді. Нәтижесінде матчтың соңғы бөлігінде толық бақылауды қолға алды.
Осы жеңістен кейін Рыбакина Australian Open-нің жартылай финалында америкалық теннисші Джессика Пегуламен кездесетін болды.
Айта кетейік, турнир барысында қазақстандық теннисші өте тұрақты өнер көрсетіп келеді және әзірге бірде-бір сет жоғалтқан жоқ.
Australian Open 2026 жарысы 18 қаңтар мен 1 ақпан аралығында Мельбурн қаласында өтіп жатыр. Турнирдің жүлде қоры шамамен 74,9 млн долларды құрайды, ал жеңімпазға 2000 рейтингтік ұпай мен ірі көлемдегі сыйақы беріледі.