Жаңалықтар

Солтүстік Аралды қалпына келтіру бағытындағы жаңа қадамдар: Министрлік пен Дүниежүзілік банк жобаларды талқылады

Қазақстанда Солтүстік Арал теңізін сақтау және су ресурстарын тиімді басқару мәселелері күн тәртібіндегі маңызды бағыттардың бірі болып отыр. Осыған байланысты Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қазақстандағы Дүниежүзілік банктің тұрақты өкілі Андрей Михневпен кездесу өткізіп, бірлескен жобалардың жүзеге асырылу барысын талқылады.

Кездесу барысында тараптар Солтүстік Аралды сақтау жобасының екінші кезеңін іске асыруға тоқталды. Жобаның негізгі мақсаты - теңіздегі су деңгейін көтеру үшін Көкарал бөгетін қайта жаңғырту. Қазіргі уақытта жобаны әзірлеу жұмыстары аяқталуға жақын.

Сонымен қатар Қызылорда облысындағы ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру жобасы да дайындалуда. Бұл бастама суару желілерін цифрландыру мен автоматтандыру элементтерін енгізуді көздейді. Мұндай жаңарту суды үнемдеп пайдалануға мүмкіндік беріп, үнемделген су көлемін Солтүстік Аралға бағыттауға жол ашады.

Аталған жобалар бүгінде мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Кездесу қорытындысында екі тарап бұл бастамаларды ҚР Премьер-министрінің төрағалығымен өтетін халықаралық қаржы ұйымдарымен жұмыс жөніндегі үйлестіру кеңесінің қарауына шығаруға келісті.

Министр Нұржан Нұржігітов Мемлекет басшысы V Ұлттық құрылтайда Солтүстік Арал мәселесіне ерекше назар аударғанын атап өтті.

Айта кетейік, қазіргі таңда трансшекаралық су мәселелері бойынша көршілес мемлекеттермен жаңа құқықтық база қалыптастырылып, тұрақты үйлестіруді қамтамасыз ететін екіжақты комиссиялар жұмыс істеп келеді.