Жаңалықтар

Kozybayev University «Серпін» бағдарламасы аясында оңтүстіктегі 10 мыңнан астам оқушыға кәсіптік бағдар берді

Kozybayev University «Серпін» бағдарламасы шеңберінде Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде ауқымды кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізіп, 10 мыңнан астам оқушыны қамтыды. Университет өкілдері Қызылорда және Түркістан облыстарындағы 25 елді мекенге барып, ірі қалалармен қатар шалғай ауыл тұрғындарымен де кездесті.

Кездесу барысында мектеп пен колледж бітіруші түлектеріне жоғары оқу орнына түсу тәртібі, оқу бағдарламалары, грант мүмкіндіктері және студенттік өмір туралы толық ақпарат ұсынылды. Сондай-ақ жатақхана мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Университетте екі жаңа заманауи студенттер үйі іске қосылғандықтан, басқа өңірлерден келген білім алушыларды жатақханамен қамтамасыз ету деңгейі бүгінде 100 пайызға жеткен.

Талапкерлер мен ата-аналарға «Серпін» бағдарламасына қатысу шарттары, Петропавл қаласына қоныс аудару, орналастыру және бейімделу мәселелері бойынша кеңестер берілді.

Қазіргі таңда Kozybayev University-де аталған бағдарлама бойынша 150-ден астам студент білім алуда. 2024 жылы университет жанынан Serpin Qoldau өңірлік жобалық офисі құрылып, студенттерді кәсіби бағыттау, тілдік курстар, тренингтер, психологиялық қолдау және мәдени бейімдеу шараларын жүзеге асырып келеді.

Сонымен қатар 3-4 курс студенттері дуалды оқытуға жіберіліп, жұмысқа орналасуға дейінгі сүйемелдеу жүргізіледі. Университет Солтүстік Қазақстан облысының ірі жұмыс берушілерімен меморандумдарға қол қойып, түлектердің жұмыспен қамтылуына қолдау көрсетуде. Бағдарлама түлектеріне жатақханадан уақытша тұрғын үй беру мүмкіндігі де қарастырылған.

Кәсіптік бағдар беру кездесулерінде Аризона университетімен бірлескен қос дипломды білім беру бағдарламалары да таныстырылды. Атап айтқанда, ақпараттық жүйелер, биотехнология, инклюзивті білім беру, бизнес және менеджмент бағыттары талапкерлерге ұсынылды.

Осылайша, Kozybayev University «Серпін» бағдарламасы арқылы жастардың кәсіби таңдауына бағыт беріп, солтүстік өңірлерге білімді кадр тарту ісін жүйелі түрде жалғастырып келеді.