БАҚ Орда ақпараттық порталы. Қазақстан жаңалықтары

Байланыс

  • info@yoursite.com
  • 844-698-6394
  • Тараз қаласы, Ы.Сүлейменов көшесі №5, Шерхан Мұртаза атындағы баспасөз үйі

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы жарияланды

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы жарияланды
Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын ресми түрде жариялады.

Жоба азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен ұсыныстарды жан-жақты талдау, ашық қоғамдық талқылаулар және жаңа нормаларды мұқият пысықтау нәтижесінде әзірленген.

Конституциялық реформа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда бір палаталы Парламент құру жөніндегі бастамасына негізделген. Президент бұл идеяны 2025 жылғы 8 қыркүйекте халыққа арнаған Жолдауында саяси жүйені кешенді жаңғырту және жасанды интеллект дәуіріндегі әлеуметтік-экономикалық серпін беру мақсатында айтқан болатын.

2025 жылғы 8 қазанда Парламенттік реформаны іске асыру жөніндегі жұмыс тобын құру туралы өкімге қол қойылды. Оның құрамына құқықтанушы ғалымдар, сарапшылар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйым өкілдері кірді.

Талқылауларға белсенді азаматтар қосылып, e-Otinish және eGov порталдары арқылы ұсыныстарын жолдады. Жалпы алғанда, реформаны талқылау шамамен алты айға созылып, екі мыңнан астам ұсыныс қаралған.

2026 жылғы қаңтарда өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы атқарылған жұмыстың қорытындысын шығарып, алдағы өзгерістерге қатысты көзқарасын білдірді. Президент бастапқыда 40 бапқа өзгеріс енгізу жоспарланғанын, алайда жұмыс барысында түзетулер көлемінің едәуір кеңейгенін атап өтті.

2026 жылғы 21 қаңтарда Конституциялық комиссия құрылды. Оның құрамына 130 адам, оның ішінде Ұлттық құрылтай мүшелері, заңгерлер, мемлекеттік орган өкілдері, БАҚ басшылары, мәслихат төрағалары және ғылыми қауымдастық өкілдері кірді.

Комиссияға Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Азимова жетекшілік етеді. Оның орынбасарлары ретінде Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин және Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева белгіленді.

Комиссия отырыстары ашық форматта өтіп, тікелей эфирде көрсетілді. Жобаны талқылауға заңгерлер, құқық қорғаушылар, депутаттар, қоғамдық белсенділер және сарапшылар белсенді қатысты.

Жұмыс барысында Конституция мәтінінің 77 бабына қатысты түзетулер қаралып, жалпы мазмұнның 84%-ын қамтыған. Осылайша, жаңа Конституция әзірлеу мәселесі көтерілді.

Жаңа мәтіннің басты бағыты – мемлекеттің адам құқықтарына бағдарлануы. Преамбулада адам құқықтары алғаш рет негізгі басымдық ретінде жарияланды. Сондай-ақ бірлік пен ынтымақтастық, ұлтаралық келісім мемлекеттіліктің негізі ретінде белгіленді.

Егемендік, тәуелсіздік, аумақтық тұтастық өзгермейтін құндылықтар қатарына енгізілді. Әділеттілік, Заң мен Тәртіп, табиғатты қорғау қағидаттары алғаш рет Конституция деңгейінде бекітілді.

Сонымен бірге білім мен ғылым, мәдениет пен инновация мемлекеттің басты идеясы ретінде айқындалып отыр. Конституция жобасында алғаш рет азаматтардың құқықтарын цифрлық ортада қорғау туралы норма енгізілді.

Неке ер адам мен әйел адамның ерікті және тең құқықты одағы ретінде бекітіледі. Дін мен мемлекеттің ара-жігі нақты ажыратылып, білім беру жүйесінің зайырлы сипаты айқындалады.

Жобаның негізгі жаңалықтарының бірі – 145 депутаттан тұратын бір палаталы жаңа Парламент – Құрылтай құру. Ол пропорционалды сайлау жүйесі арқылы сайланып, депутаттардың мерзімі 5 жыл болады.

Сонымен қатар, жалпыұлттық диалог платформасы ретінде Қазақстанның Халық Кеңесі құрылады. Вице-президент институты енгізіледі. Адвокатураға арналған арнайы бап Конституцияда алғаш рет бекітіледі. Зияткерлік меншік құқығы қорғалады және азаматтардың құқықтарына кепілдіктер күшейтіледі.

Ұсыныстар қабылдау e-Otinish және eGov порталдары арқылы жалғасуда. Конституция бойынша нақты шешімді Қазақстан азаматтары жалпыұлттық референдумда қабылдайды.

Конституциялық комиссияның жұмысы жалғасуда.

BAQ-Orda
Автор

BAQ-Orda

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Ұқсас жаңалықтар