Шавкат Рахмонов жарақатына байланысты ота жасатып, уақытша октагонға оралмайтынын мәлімдеді
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов әлеуметтік желіде балдақпен жүрген видеосын жариялап, жанкүйерлерін алаңдатқан болатын. Кейін белгілі болғандай, спортшы аяғына операция жасатқан.
Шавкат Рахмонов өз парақшасында жарақатына байланысты тағы бір отадан өткенін хабарлап, әзірге октагонға оралмайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл шешімді қабылдау оңай болмағанымен, денсаулықты бірінші орынға қою қажет.
«Жауынгердің жолы ешқашан оңай болмайды. Өмір бізге түрлі сынақтар береді. Әсіресе, денсаулықты бағалай білу керек. Жарақатыма байланысты тағы бір операция жасаттым. Енді толық қалпыма келуім үшін уақыт қажет. Сондықтан әзірге октагонға оралмаймын. Мұны қабылдау қиын, бірақ әрбір сәтсіздік – үлкен жеңістердің бір бөлігі. Мен бұрынғыдан да қайратты, ақылды әрі аш болып ораламын. Мақсатым өзгермейді – UFC белбеуін Қазақстанға әкелу», – деп жазды спортшы.
Айта кетейік, Шавкат Рахмонов соңғы жекпе-жегін 2024 жылдың соңында UFC 310 турнирі аясында өткізген. Ол АҚШ-тың Невада штатындағы Парадайс қаласында өткен бәсекеде ирландиялық **Иэн Гарри**мен кездесіп, төрешілердің ортақ шешімімен жеңіске жеткен болатын.
Қазіргі таңда қазақстандық файтер толықтай оңалу кезеңінен өтіп жатыр. Жанкүйерлер Шавкат Рахмоновтың сауығып, октагонға бұрынғыдан да мықты болып оралуын асыға күтуде.