Жәмилә Бақбергенова халықаралық турнирде алтын жүлде жеңіп алды
Қазақстандық әйелдер күресінің көшбасшысы Жәмилә Бақбергенова Ресейдің Красноярск қаласында өткен Иван Ярыгин атындағы халықаралық турнир барысында топ жарып, алтын медаль иеленді.
Әйелдер күресінен 72 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Жәмилә жарыс жолында барлық қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, еш мүмкіндік берген жоқ. Ал шешуші финалда моңғолиялық Болортунгалаг Зоригтті тізе бүктіріп, чемпион атанды.
Айта кетерлігі, бұл турнир 2026 жылғы маусымдағы алғашқы ресми халықаралық жарыс саналады. Аталған додада Қазақстан құрамасының қоржыны тағы екі жүлдемен толықты.
55 келі салмақта белдескен Лаура Алмағанбетова мен 59 келіде өнер көрсеткен Виктория Хусаинова күміс медальға қол жеткізді.
Жәмилә Бақбергенова – Қазақстан әйелдер күресіндегі ең тұрақты әрі табысты спортшылардың бірі. Ол төрт дүркін Азия чемпионы, сондай-ақ Әлем чемпионаттарының үш мәрте күміс жүлдегері. Бұл жеңіс оның халықаралық аренадағы беделін тағы бір мәрте айқындап, ұлттық құраманың әлеуетін жоғары деңгейде көрсетті.
Қазақстандық балуандардың маусымды сәтті бастауы алдағы ірі жарыстар алдында үлкен сенім ұялатады.