БАҚ Орда ақпараттық порталы. Қазақстан жаңалықтары

Байланыс

  • info@yoursite.com
  • 844-698-6394
  • Тараз қаласы, Ы.Сүлейменов көшесі №5, Шерхан Мұртаза атындағы баспасөз үйі

Жамбыл облысында жаңа Конституция жобасы талқыланды

Жамбыл облысында жаңа Конституция жобасы талқыланды
ашық дерек
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев төрағалық еткен облыстық актив отырысында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы таныстырылды.

Жиынға Тараз қаласы мен аудан әкімдері, қоғамдық және ардагерлер кеңестерінің төрағалары, құқық қорғау органдарының өкілдері, мемлекеттік органдар мен басқармалардың, кәсіпорындардың басшылары, сондай-ақ жоғары оқу орындарының ректорлары қатысты.

Алдымен облыстық мәслихаттың төрағасы, Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия мүшесі Абдалы Нұралиев сөз сөйлеп, жаңа Ата Заң жобасының мәні мен маңызына, оның негізгі ерекшеліктеріне тоқталды. Оның айтуынша, Конституция – мемлекеттің іргетасы, қоғамдық келісімнің өзегі және азамат пен мемлекет арасындағы сенімнің құқықтық кепілі. Сондықтан Негізгі заңды жаңарту – бүкіл қоғамның тағдырына әсер ететін тарихи қадам.

Сондай-ақ ол Конституциялық комиссия құрамында өңірлік өкілдіктің қамтамасыз етілгенін атап өтті. Елдің барлық аймағынан, оның ішінде өңірлік мәслихаттардың төрағалары, қоғамдық кеңестердің мүшелері мен тәжірибелі жергілікті мамандардың тартылуы Конституция жобасында өңірлердің мүддесін ескеруге мүмкіндік берген. Спикердің айтуынша, конституциялық реформа қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтып, азаматтардың саяси жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ құқықтық мәдениетті жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.

Жиын барысында облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Батырбек Құлекеев пен Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков те сөз сөйлеп, жаңа Конституция жобасын қолдайтындарын білдірді. Олар бұл бастама елдің ертеңіне берік негіз қалайды деген сенім білдірді.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан реформалар еліміздің саяси жүйесін жетілдіруге, қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтуға және Қазақстанның орнықты дамуына берік құқықтық негіз қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.

Сондай-ақ облыс әкімі Мемлекет басшысының жаңа Конституция бойынша түпкілікті шешім жалпыұлттық референдум арқылы қабылданатынын ерекше атап өткенін еске салды. Оның айтуынша, бұл – халықтың тікелей еркін білдіретін, егемен елдің демократиялық негіздерін нығайтатын тарихи кезең. Әрбір азаматтың референдумға белсенді қатысуы – отаншылдықтың айқын көрінісі.

– Жаңа Ата Заң жобасын қолдай отырып, еліміздің болашағы мен жастардың ертеңі үшін жасалып жатқан маңызды қадамға бейжай қарамауға шақырамын. Әділетті қоғам мен тұрақты мемлекет құру – баршамыздың ортақ мақсатымыз, – деді облыс әкімі.

Admin
Автор

Admin

Admin

Ұқсас жаңалықтар